13:43, 15 Ақпан 2018 | GMT +6
Астанадағы өрт: Балалар зардап шеккен жоқ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық білім басқармасы балалар үйінде шыққан өртке қатысты тың деректермен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Басқарма мәліметінше, балалар үйінде 89 тәрбиеленуші бар. олар 6 коттеджде тұрады.
«Өрт шыққан кезде 10 бала әкімшілік ғимараттағы үйірмеде болған және олар бірден қауіпсіз жерге шығарылды. Балалардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Ал қалған балалар мектепте сабақта болған», - дейді басқармадағылар.
Бұған дейін елордадағы №1 балалар үйінен өрт шыққанын хабарлаған болатынбыз.
Өрт сағат 12:43-те сөндірілді. Шамамен 30 шаршы метр жерді шарпыған жалынды сөндіруге Астана өрт сөндіру қызметі жеке құрамының 40 қызметкері және 8 техникасы жұмылдырылды.