Астанадағы өрт: жалынның таралуы тоқтатылды - ТЖК ресми өкілі
«Оқиға орнына ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті бөлімшелерінің 90-нан астам адамы және мамандандырылған 27 техникасы жұмылдырылды. Өртті сөндіру жалғасуда. Жалынмен күресті тиімді жүргізу үшін ғимараттың шатырын бұзу жұмыстары жүргізілуде», - деп атап өтті Иманқұлов.
Мәлім етілгендей, тілсіз жаумен күрес үшін 3 жауынгерлік учаске жасақталды, оқиға орнында өртпен күресті басқару жөніндегі жедел штаб жұмыс істеуде.
«Өрт сөндірушілердің күшімен сағат 01:43-те жалынның таралуы тоқтатылды. От шарпыған аумақ шамамен 400 шаршы метрді құрады», - деп хабарлады ресми өкіл.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 17 қыркүйек күні сағат 22:49-да Астана қаласы Бейбітшілік көшесіндегі төрт қабатты «Өркен» іскерлік орталығының астыңғы қабатында орналасқан «Драфт» дәмханасынан өрт шықты . Ас дайындау бөлмесінен шыққан от кейін ғимараттың шатырына ауысқан. 40 адам қауіпсіз жерге көшірілді.