Астанадағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Бір ел, бір кітап» акциясы аясында 10 мыңнан астам кітапты сыйға алды

АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанадағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне «Бір ел, бір кітап» акциясы аясында 10 мыңнан астам кітап сыйға тартылды.

Астанадағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Бір ел, бір кітап» акциясы аясында 10 мыңнан астам кітапты сыйға алды

Кітаптарды сыйға тартқан Қазақстандағы ең ірі полиграфиялық орталықтардың бірі - «Астана полиграфия» акционерлік қоғамы. Кітапхана қорына берілген әдебиеттердің жанры әртүрлі. Олардың арасында өте сирек кездесетін - Эрнест Хумингуэйдің таңдамалы шығармаларының қазақ тіліндегі аудармасы, Константин Остров пен Ян Дымовтың балаларға арналған әдебиеттері бар. Сондай-ақ полиграфия мемлекеттік тапсырыстан тыс, 2006 жылдан бері өз қаражаты есебінен жылына 30 мың данамен басып шығаратын «Жас қаламгер» кітабын тарту етті. Отандық жас ақындардың таңдаулы туындылары жинақталған бұл кітап, кітапханаларға тегін таратылады.

«Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесінің директоры Сапарғали Медеубековтың айтуынша, мұндай акциялар

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жиі өткізіліп тұрады. «Астана қаласында орталықтандырылған 23 кітапхана бар. Олардың барлығында жаңа басылымдарға сұраныс өте жоғары. Сондықтан, полиграфияның қолғабыс етуімен кітаптардың барлығын баспадан тікелей алып отырамыз», - деді ол.