Астанадағы Палау-party: Өзбек, ұйғыр мен әзербайжанның палауы мыңнан астам адамға таратылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Аталған шара Қазақстан xалқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өтті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Палау-party»акциясы ЭКСПО-2017 көрмесіне арналып отыр. Оған өзбек, ұйғыр мен әзербайжанның мәдени орталықтары атсалысып, өз палауларын дайындады. Негізгі мақсат - Астана тұрғындары мен қонақтарына палаудың түр-түрін көрсету. Сондай-ақ, біз барша қазақстандықтарды алдағы Астана күнімен құттықтаймыз. Барлығымыз бауырлас xалықпыз. Сондықтан осы іспетті шаралар бізді жақындастыра түседі деген сенімдеміз», - дейді Астанадағы өзбек этно-мәдени орталығының төрағасы Шерзот Пулатов.
Оның айтуынша, бүгінгі акция аясында бес бірдей қазанға палау пісірілді. Әрбір қазанда 200 адамға арналған порция болды.
Айта кеткен жөн, «Палау-party» акциясына дейін Этноауылдың үлкен шатырында мерекелік концерт ұйымдастырылды. Сол жерде Ассамблеяға мүше басқа да этно-мәдени орталықтар өз өнерлерін паш етіп, Астана күніне орай ізгі тілектерін жеткізді. Мәселен, бұлғарлар «Шақырады көктем» әнін қазақ тілінде шырқап, жиналған жұрттың көңілін бір көтеріп тастады.
Шара аясында мецанаттардың сыйлықтары да табысталды. Осы жолы әлеуметтік жағынан аз қамтылған 37 отбасыға бір-бір кілемнен тапсырылды. Концерттен кейін xалық даладағы «Палау-party»-ге лап берді.