Астанадағы пәтерлердің бірінен 30 миллион теңгенің дүние-мүлкін ұрлаған қылмыстық топ өкілдері құрықталды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елордалық Ішкі істер департаменті өкілдерінің мәліметтерінше, тонаушылар 22 мен 24 жас аралығындағы жастар болып отыр. Олардың барлығы Астанада уақытша тұрып жатқан және бұрын сотталмаған азаматтар болып шықты. Тексеру кезінде қылмыстық топ құрамында әйел азаматтың болғаны анықталды. Оларды тұтқындау кезінде топ мүшелерінен үлкен көлемде ақша мен жәбірленушінің «Тойота» автокөлігі иесіне қайтарылды.
Алдын ала тергеу мәліметтеріне қарағанда, ұрылар өздері тонамақ болған пәтерлерін алдымен анықтап, барлап алатын болған. Бұл мақсатты түбегейлі, әрі ешкімге білдірмей орындау үшін нысанаға алынған пәтерге әйел азамат бала күтуші немесе үй қызметшісі болып орналасқан. Осы қызметте жүріп, ол үйдегі барлық құнды заттар мен әшекей бұйымдарының қайда сақталатынын анықтап біліп отырған. Тергеу барысында аталмыш қылмыстық топтың былтырғы жылы да пәтер тонаумен айналысқандығы анықталды.