Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында Конституция күніне арналған «Ата заң - ел тірегі» мерекелік шарасы өтеді
АСТАНА. Тамыздың 28-і. ҚазАқпарат /Сайлау Абылаев/ - Ертең Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында Қазақстан Конституциясының 14 жылдығына арналған «Ата заң - ел тірегі» мерекелік шарасы өтеді.
Оған С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің және Ә.Марғұлан атындағы №40 мектептің оқушылары қатысады, деп хабарлайды орталықтың баспасөз қызметі.
Шараның мақсаты - жас ұрпақ санасына еліміздің Негізгі заңының жасалу тарихын, оның мәні мен маңызын жеткізу.
Бұл шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тілдер комитетінің төрағасы Ербол Шаймерден, тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжанов, «Нұр Отан» ХДП және БАҚ өкілдері шақырылып отыр.
Шара аясында «Конституция мұраттары» деректі фильмі көрсетіледі және Конституция күніне арналған кітап көрмесі ашылады.