Астанадағы Ресей азаматтары Мемлекеттік думаның депутаттарын сайлауда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласындағы Ресей азаматтары РФ Мемлекеттік думасының депутаттарын сайлау үшін таңғы сағат 08.00-ден бері сайлау учаскесіне барған. Қазақстан Республикасының елордасында жүрген ресейліктер үшін Кенесары көшесінде №8125 сайлау учаскесі ашылған болатын.
«Таңертең дауыс беруге келген азаматтар саны аз еді, түске таман халық көбейді. Сайлау күні аяқталғаннан кейін толық ақпаратты ұсына аламыз. Астана қаласы бойынша бір сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Ресей азаматтарын консулдық мекемелер міндетті түрде тіркеуге алады деген талап жоқ, сондықтан, біз алдын ала тізім құра отырып, 100-ге тарта азамат дауыс береді деп есептедік. Көбінесе, Астанада мемлекеттік және елшілік қызмет атқарып жүрген ресейліктер белсенділік танытады»,-дейді ҚазАқпарат тілшісімен әңгімелескен Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарников.
Елшінің дерегіне сүйенсек, жалпы Қазақстан бойынша Мемлекеттік думаның сайлауы үшін 18 сайлау учаскесі жасақталған екен. Тек Байқоңыр қаласы ғана әзірге консулдық мекеменің жауапкершілігіне енбеген аймақ ретінде, РФ Орталық сайлау комиссиясымен тікелей жұмыс істеп тұр,-деп түсіндірді М. Бочарников.
Естеріңізге сала кетейік, Ресей Федерациясы Федералды жиналысының мемлекеттік думасына кезекті депутаттарды сайлау науқаны 2016 жылдың 18 қыркүйегіне белгіленген болатын. Мемлекеттік думаға 450 депутаттың 225-і партиялық тізім бойынша, қалған 225 депутат бір мандатты округ бойынша сайланады.