Астанадағы С.Сейфуллин мұражайы қайта ашылды

АНА. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін күрделі жөндеу жұмыстары жасалғаннан кейін елордадағы С.Сейфуллин мұражайының қайта ашылу салтанаты болды,

Астанадағы С.Сейфуллин мұражайы қайта ашылды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мұражайдың қайта ашылу рәсімі С.Сейфуллиннің туған күні - қазанның 15-не арнайы орайластырылды. Мерекелік митинг ақынның 100 жылдығына орай мұражай ғимаратының маңына орнатылған ескерткіштің алдында өтті. Оған республиканың барлық аймақтарынан мәдениет, қоғам, білім және өнер қайраткерлері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, С.Сейфуллиннің жерлестері және немере қызы Рымжан Сейфуллина қатысты.

 «Біз бүгін Қараөткелдің төріне ақиық ақын, революционер, сұлулық пен әдеміліктің символы және қоғам қайраткері С.Сейфуллиннің 115 жылдық тойына жиналып отырмыз. Біз кішкентаймыздан Сәкен атамыздың әні мен күйінен тәрбие алып өстік. Қанша жылдар өтсе де оның есімі өшкен жоқ, керісінше  жүріс-тұрысы, әрбір ой-пікірі, қоғам мен Отанына деген жанашырлығы мен сүйіспеншілігі әр буынға үлгі болып келе жатыр және солай бола бермек»,  деді  Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев.

С.Сейфуллиннің туған інісі - Мәжиттің қызы, 6 жасына дейін ақынның қолында өскен Рымжан Сейфуллина: «Ол  кісіні  көз алдымда тұтқындаған күн әлі есімде. Алматының маңындағы Талғарда алма бағына киіз үй тігіп, сонда жұмыс істейтін. Мені де бірге ертіп алып баратын», -  деп көзіне жас алды.

Р.Сейфуллина ақынның жерленген жері белгісіз болғандықтан, Астанадағы осы ескерткіш жанына жылына екі рет, оның туған күні - қазанның 15-і және атылған күні - ақпанның 25-і күндері келіп, құран бағыштайтынын айтты.

Айта кетейік, есігін қайта айқара ашқан мұражай 1930 жылы режиссер Г.Роом түсірген «Түрксіб ашылды» деректі фильмімен толықты.