Астанадағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы ауысты

АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - 2005 жылдың сәуір айынан бері «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің Бас имамы қызметін атқарған Бақтыбай Қыдырбайұлы Бейсенбаев Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен Алматы қалалық Орталық мешітінің наиб имамы болып тағайындалды. Бұл туралы muslim.kz сайты жазады.

Астанадағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы ауысты

«Бүгін жұма намазына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр-Астана» Орталық мешітінің Бас имамы Наурызбай Өтпенов өзі қатысып, Бақтыбай Қыдырбайұлының діни басқарманың жұмыстарына қосқан мол үлесін айтып, Бас мүфтидің және Астана қаласындағы мұсылман жамағатының атынан алғысын білдірді. Біз де Астана қаласындағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің ұжымы атынан қыруар шаралардың жүзеге асуына басшылық жасаған Бақтыбай Қыдырбайұлына ақ жол тілейміз. Алла бұдан кейінгі дін жолындағы қызметіне жәрдем беріп, биік белестерден көрінуді нәсіп етсін!» - деп жазады Әзірет Сұлтан мешітінің ресми сайты.

Сонымен қатар, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамдығына бұған дейін Алматы қалалық Орталық мешітте наиб имам қызметін атқарған Садырханов Жұманазар қари Өсерханұлы тағайындалған.

Еске сала кететін жайт, жаңылмасақ осымен Астана қаласындағы үшінші мешіттің бас имамдары ауысып отыр. Бұған дейін «Нұр Астана» және «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамдары ауысқан болатын.