Астанадағы Сарайшық көпірін жөндеу қазан айының соңына дейін жалғасады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы Сарайшық көпірінде жөндеу жұмыстары қазан айының соңына дейін жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Мәлім етілгендей, автомобиль көпірінің бір бөлігінде жөндеу жұмыстары аяқталды.
«Осы жылдың 16 қыркүйегінен қазан айының соңына дейін жөндеу жұмыстары көпірдің екінші жағында жүргізіледі. Осыған байланысты Р.Қошқарбаев даңғылынан бастап Мәңгілік ел даңғылы мен Сарайшық көшесінің қиылысындағы көлік айырымына дейінгі учаскеде қозғалыс ішінара жабылады.
Айта кетейік, көпірде екі бағытта да қозғалыс сақталады. Қала жолдарында кептеліс тудырмау үшін елорда тұрғындары мен қонақтарына өз маршруттарын алдын ала жоспарлауға кеңес береміз», делінген хабарламада.
Еске салайық, Сарайшық көпіріне жөндеу жұмыстары 12 жыл бұрын жүргізілді. Осы уақыт ішінде көпірде жарықтар мен шұңқырлар пайда болды.
Сондай-ақ астанада тағы бір көше жөндеуге жабылады.
«Осы жылдың 16-17 қыркүйегінде жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты Еңлік-Кебек көшесінің Болашақ көшесінен 189 көшеге дейінгі аралығы көлік қозғалысы үшін толығымен жабылады», - деді әкімдіктен.
Фото: gov.kz