Астанадағы сауда орындарын тарату: Аукциондар жаңа әдіспен жүргізіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада "Шағын бизнеске арналған мың орын" атты жоба іске асырылуда. Соның аясында кәсіпкерлер жаңа павильондарды салып, сауда-саттық жүргізе алады. Алайда рұқсат тек аукцион арқылы беріледі. Осы уақытқа дейін қала бойынша 600-ден астам орын таратылды. Енді, аукционға блокчейн теxнологиясы енгізіледі, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, бұрын павильондарды тарату жұмысымен арнайы комиссия айналысты. Оның құрамында мемлекеттік қызметкерлер болды.
"Аталған комиссия кімге және қай жерден сауда орнын беруді шешіп отыратын. Қазір олай емес. Бәрі нарықтық жағдайда аукцион арқылы жүргізіледі. Бүгінде біз аукционның өзін электронды форматқа ауыстырып жатырмыз. Бірақ онымен шектелмейміз. Аукцион блокчейн негізінде жұмыс істейді. Себебі кәсіпкерлер арасында "электронды аукционның өзін қолдан жасай салуға болады" деген пікір бар. Ал блокчейн аукционның нәтижесін бұрмалауға жол бермейді. Себебі "нодтарды" прокуратура, кәсіпкерлер палатасы және тағы басқа әріптестеріміз көріп отырады. Былайша айтқанда, біреулер өзара келісіп, аукционның нәтижесін ауыстыра алмайды. Блокчейннің арқасында аукцион барынша ашық болады", - деді Ә.Әбдіқадыров ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.
Оның айтуынша, аукционда жеңіске жеткен кәсіпкерлер павильонды өз ақшасына салады да, бірнеше жылға келісімшартқа отырады. Сөйтіп, сауда-саттықты жүргізеді. "Меселен, тамақ ішетін жер болса, кәріздік жүйе, су және тағы басқа мәселелер ескерілуі шарт. Әрине, павильонның сыртқы көрінісіне де баса назар аударылады", - деп атап көрсетті Ә.Әбдіқадыров.
Айта кетейік, бүгін қала әкімі Әсет Исекешев сауданы дамыту жоспарлары жайында айтып берді.
«Сауда орындары да ыңғайлы жерде орналасуы шарт. Сол себепті біз қазіргі базарларды қайта құру жұмысы бастап кеттік. Астанада бойынша 25 базар бар. Биыл жетеуі қайта құрылады. Қалғанын екі жылдың ішінде аяқтаймыз. Бұдан бөлек, жаңа базарлар мен гипермаркеттердің құрылысы басталды. Сондай-ақ "шағын бизнеске арналған мың орын" деген жобаны қолға алдық. Аталған орындар барлық жерлерде орналасқан. Осы уақытқа дейін 600-ден астам орынды таратып бердік. Енді, аукционның келесі кезеңін бастаймыз. Оны блокчейннің негізінде өткіземіз. Сонда ашықтық болады", - деді Ә.Исекешев "World of Trade 2018" Халықаралық конвенттің ашылу рәсімінде.