Астанадағы сауналардың бірінде жезөкшелердің ашыналық қызметтерін ұсынған «жеңгетай» ұсталды - ІІД
АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанадағы сауналардың бірінде жезөкшелердің ашыналық қызметтерін ұсынған «жеңгетай» ұсталды.
Бұл туралы бүгін брифингте Астана қалалық ішкі істер департаменті мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы Нұрділдә Ораз мәлім етті.
«Астана қалалық ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шарасын өткізу барысында ағымдағы жылдың 20 сәуірінде сағат 19.30 шамасында қаладағы сауналардың бірінде жеңгетайлық жасағаны үшін 1980 жылы туған Астана қаласының тұрғынын ұстады. Ұсталған келіншек өз клиенттерінің біріне ашыналық қызмет көрсету үшін 1986 жылы туған азаматша «М» есімді қыздан 2 мың теңге көлемінде ақша алғанын мойындады»,-дейді Н. Ораз.
Қазіргі уақытта заттай айғақтар тәркіленді. «Жеңгетайдың» үстінен жезөкшелікпен және жеңгетайлықпен айналысу үшін орындар ұйымдастыру және ұстау бойынша қылмыстық іс қоғалып отыр. Н. Ораздың атап өткеніндей, бұл бапқа сәйкес оған айыппұл салынады немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.