Астанадағы шахмат турнирі – Танымал спортшылар жарысқа қалай дайындалатынын айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада 7 сәуір мен 1 мамыр аралығында шахматтан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Онда Ян Непомнящий (ФИДЕ) мен қытайлық Дин Лижэнь әлем чемпионы атағына таласады. Бүгін танымал спортшылар баспасөз мәслихатын өткізіп, тілшілерді қызықтырған сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, бұл матч нәтижесінде шахматтан әлемнің 17-чемпионы анықталады.

«Осындай халықаралық шахмат жарыстарын өткізудің өзі еліміздің беделін айшықтай түседі және шахматшыларымызға осындай маңызды жарыстарға қатысуға мүмкіндік беріп, қосымша ынталандырады. Біз бүгін өз жерімізде болашақ әлем чемпионы анықталатынын мақтан етеміз», - деді Тимур Турлов баспасөз мәслихатында.

Гроссмейстерлерге журналистер қойған алғашқы сұрақың бірі – матчқа дайындалуға көмектесетін командалар туралы болды.

«Ең бастысы – менде әлемдік шахмат тәжі үшін ойнауға екінші мүмкіндік бар.Соңғы екі жылда күштірек ойнадым деп үміттенемін, бірақ кім білсін. Менің командам өзгерді ме? Біреуі қалды, жаңа адамдар да келді. Бәрі өмірдегідей, бәрі өзгереді», - деді Ян Непомнящий.

Өз кезегінде Дин Лижэнь өзіне ойынға дайындалуға 30 адам көмектесетіні туралы бірқатар БАҚ жариялаған ақпаратты жоққа шығарды.

«Шын мәнінде, бұл матчқа дайындалуға осынша көп адам көмектесіп жатқан жоқ», - деп жауап берді қытайлық шахматшы.

Баспасөз өкілдері ертеңгі маңызды ойынға орындық таңдау жөнінде де сұрақ қойды. Қос шахматшы да аса міншіл еместігін айтты.

«Орындық таңдауда ешқандай ережеге сүйенбеймін, бар жиһаздың арасынан ыңғайлы дегенін таңдап алдым», - дейді Ян Непомнящий.

Әрине, жеңіс бар жерде жеңіліс бар, тілшілер сәтсіз ойыннан кейін шахматшылардың қалай демалатынын да сұрады.

«Бес жасымнан бастап шахмат ойнаймын, сондықтан ойынға жұмыс сияқты қараймын. Жай ғана азырақ жеңілуге тырысу керек», - дейді Ян.

«Жеңілген сәтте ойын өткен жерден тезірек кетуге тырысамын. Сондай-ақ, маған жанкүйерлеріме қолтаңба беру және олармен суретке түсу процесі демалуға көмектеседі», - деп мойындады Дин Лижэнь.

Ресейлік гроссмейстер те жанкүйерлердің қолдауын жоғары бағалады.

«Менің ойымша, бұл турнирге көпшіліктің назар аударуы да – жалпы шахмат үшін ең жағымды және пайдалы сәт. Ерте ме, кеш пе, бұл шахмат үйренуге келетін балалардың санына әсер ететіні сөзсіз, ойынның танымалдығы артады. Әрине, бұл қолдаудың бәрі сезіледі, жүрекке жылы тиеді», - дейді Ян Непомнящий.

Өз кезегінде ФИДЕ басшысы Аркадий Дворкович ойын алдындағы баспасөз мәслихаты дәстүрлі шараға айналғанын айтты.

«Басты шахматшылар – Ян Непомнящий мен Дин Лижэнь барынша ашық жауап берді деп санаймын. Қысқа-нұсқа болса да, спортшылардың мінезін бағамдауға болады. Астанаға да 15 жыл бұрын келіп едім, қала өзгеріпті. Әдемі, таза, ғажап қала», - деді ол.

ФИДЕ басшысы Астанада осындай дәрежеде матч өткізу өскелең ұрпақ арасында шахматтың танымалдығын арттыратынын айтты.

«Еш күмәнсіз айта аламын, бірнеше жылдан кейін біз жоғары деңгейдегі қазақстандық шахматшылардың жаңа буынын көреміз. Жалпы, шахмат балалардың дамуы үшін өте маңызды, тіпті олар өскенде кәсіби шахматшы болмаса да өмірде көп көмегін тигізеді», - деп қорытындылады А. Дворкович.

Қазақстан Шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов турнирді ұйымдастыру жұмыстарын баяндады.

«Бұл чемпионатты ұйымдастыруда ФИДЕ командасымен бірге үлкен жұмыс атқарылды. Меніңше, біз жоғары стандарттарды сақтай отырып, осы процесте туындаған барлық негізгі мәселелерді реттей алдық. Бұл Халықаралық шахмат федерациясымен (ФИДЕ) өзара әрекеттесудің берік негізін қалады және басқа да ірі жарыстарды еліміздің аумағында өткіземіз деп үміттенемін», - дейді Т. Турлов.

Спикер осындай ауқымды турнир өткізудің артықшылықтарын атап өтті.

«Биылғы жыл бізге өте маңызды серпін беруі тиіс, әлем бір жағынан Қазақстанды осындай іс-шараларды өткізетін лайықты платформа ретінде көретін болады. Екінші жағынан – біздің шахматшыларымыз қазір көптеген іс-шараларға қатысуға мүмкіндік алады», - дейді Қазақстан шахмат федерациясының басшысы.

Айта кетейік, турнирдің бас серіктесі және ұйымдастырушысы – Freedom Holding Corp., компания 2 млн еуро көлемінде жүлде қорын толық қамтамасыз етіп отыр.


Соңғы жаңалықтар