Астанадағы Спорттық покер ойыншылары мен әуесқойлары республикалық федерациясының директоры жауапкершілікке тартылды
АСТАНА. Шілденің 15-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Астанадағы Спорттық покер ойыншылары мен әуесқойлары республикалық федерациясының директоры Коңырбаев жауапкершілікке тартылды.
Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі (қаржы полициясы) Мұрат Жұманбай айтты.
Қаржы полициясы органдары заңсыз ойын бизнесінің жаңа желісін әшкерелегенін жеткізген ресми өкіл, Астана және Алматы қалаларында астыртын казинолардың қызметіне бүркеме ретінде қолданылған спорттық покер ойыншылары мен әуесқойларының бірнеше бірлестігі анықталғанын айтты.
Астанадағы Спорттық покер ойыншылары мен әуесқойлары республикалық федерациясының директоры Коңырбаев айыппұл төлеу жауапкершілігіне тартылды. Ол спорттық покер бойынша жарыстарды бүркемеленіп, астыртын казиноның қызметін ұйымдастырған. Казиноны тексеру барысында кассаның сейфінде 3,5 млн.теңге, 11 мың АҚШ доллары және 160 еуро мен 9 покер үстелі анықталды. Олар тәркіленді.
Астанадағы тағы бір покер клубының, яғни Royal Flash республикалық покер федерациясының әкімшісі Ли сотталды. Ол да спорттық покер бойынша жарыстарды бүркемеленіп, заңсыз казино қызметінен 1,5 млн. теңге көлемінде заңсыз табыс алған. Мемлекет пайдасына 1 млн.теңгеден астам қаражат және 3 покер үстелі тәркіленді.
Алматы қаласында Спорттық покер ойыншылары мен әуесқойларының республикалық федерациясы филиалының атын жамылып, қызмет жасаған казино әшкереленді. Онда құны әртүрлі 5 мың фишка, 9 покер үстелі тәркіленді. «Қылмыстық іс сот қарауында»,- деді ресми өкіл.