Астанадағы су құбыры апатына құрылыс компаниясы кінәлі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қобыланды батыр көшесі бойынша 11 үйдің тұрғындарын сусыз қалдырған коммуналдық апатқа құрылыс компаниясы кінәлі, - деп хабарлады «Астана су арнасы» МКК баспасөз қызметі.

Астанадағы су құбыры апатына құрылыс компаниясы кінәлі

«4 наурызда сағат 16.10-да «Компания Союз XXI» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында диаметрі 500 мм су құбырын зақымдаған. Соның салдарынан 4 жекеменшік үйді су басты. Жөндеу жұмыстарына «Астана Су Арнасы» МКК 30-дан астам қызметкері, су құбыры желісі бойынша су айдайтын 21 техника жұмылдырылды», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ «Компания Союз XXI» орталық сумен жабдықтау жүйесіне су құбырын салу жұмыстарын өз еркімен, рұқсатсыз жүргізген.
Еске салсақ, 4 наурызда аудан әкімі Әділбек Сәрсембаев «Алматы» ауданында тұрғын үй кешенінің 11 блогы апат болуының салдарынан сусыз қалғанын хабарлаған.

«Қазір су айдауға 20 бірлік ассенизатор машиналары тартылды. 900 пәтер, ішінара жеке сектордың 4 көшесіне су ажыратылған», - деді әкім.