Астанадағы таэквондодан гран-при жарысына алты Олимпиада чемпионы қатысады

Қазақстан таэквонда федерациясының баспасөз қызметінен хабарлағандай, қатысушылардың арасында атақты спортшылар да бар. Сонымен Астанаға байрақты бәсекеде бақ сынау үшін ерлер арасындағы қазіргі Олимпиада чемпиондары Хоэль Гонсалес (Испания), Сервет Тазегюль (Түркия), Себастьян Крисманич (Аргентина), Карло Мольфетта (Италия) келеді. Олардың қатарында сондай-ақ 2000 және 2004 жылғы Олимпиада жеңімпазы американдық Стивен Лопес те бар. Ал әйелдер арасынан екі дүркін әлем чемпионы және екі дүркін Олимпиада чемпионы қытайлық У Цзиньюй (2008, 2012) болмақ. Сондай-ақ Астана халқы Аарон Кук (Англия, үш дүркін әлем чемпионы), Даба Модибо Кейта (Мали, екі дүркін әлем чемпионы), Альберт Гаун (Ресей, әлем чемпионы), Шарлот Роуз Крейг (АҚШ, әлем чемпионы мен Олимпиада ойындарының жүлдегері), Нұр Татар (Түркия, Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері), Мұхаммад Бахчери (Иран, Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері), Алексей Денисенко (Ресей, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері) сынды аты әлемге әйгілі спортшылардың өнерін тамашалау мүмкіндігіне ие болмақ. Ал Бүкіләлемдік Гран-приге қатысатын Қазақстан құрамасын тағы да естеріңізге сала кетейк. Ерлерден 58 кг - Нұрсұлтан Мамай, 68 кг - Қайрат Сарымсақов, 80 кг - Мақсат Абдрамбек, +80 кг - Смайл Дүйсебай өнер көрсетсе, әйелдер командасы сапынан 49 кг - Фариза Алдоңғарова, 57 кг - Әсел Қойлыбай, 67 кг - Гүлім Бибалаева мен +67 кг - Феруза Ергешова, Мереке Жүнісова көрінбек. Айта кетейік, жарыс 29-31 тамыз аралығында «Дәулет» спорт кешенінде өтеді.