Астанадағы таэквондодан WTF Гран-При турниріне әлем елдерінен 50 команда қатысады

Бұл туралы Таэквондодан мемлекеттік жаттықтырушы, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Арман Чилманов мәлім етті.
«Астанаға таэквондодан Гран-При турниріне қатысу үшін 50 елден 200-ден астам спортшы келді. Олардың қатарында Олимпиада және Әлем чемпионаттарының жүлдегерлері мен жеңімпаздары бар. Гран-Приге әлемдік рейтингтегі үздік спортшылар ғана шақырылады. Жарыс 8 олимпиадалық салмақ бойынша өтеді. Айта кетейін, таэквондодан осындай деңгейдегі жарыс біздің елде алғаш рет өткелі отыр», - дейді А.Чилманов.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан намысын бұл байрақты бәсекеде 9 спортшы қорғайды. Олардың қатарында әлемде ең үздік 30 таэквондошының ішіне кіретін Феруза Ергешова да бар. Биыл ол «Корея Оупен» турнирінде күміс иеленген болатын.
Рейтингтік ұпайлармен қатар бұл додада ақшалай сыйақы да қарастырылған. Жеңімпаз 5000 АҚШ долларына ие болады, екінші орын үшін - 3000, үшінші орынға 1000 доллар табысталады.