Астанадағы төбелескен автобус жүргізушілері жұмыстарынан босатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Астанада жанжалға қатысқан автобус жүргізушілері жұмысынан босатылды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында елордадағы Көліктік бақылау қызметінің жетекшісі Мұхтар Жұмәділ мәлім етті.

Астанадағы төбелескен автобус жүргізушілері жұмыстарынан босатылды

«Аталмыш оқиғаға байланысты Көліктік бақылау қызметі (КБҚ) жанжалға қатысқан барлық адамнан түсініктеме алды. Желіде мұндай жағдайға жол берілмейді. Екі жақта Жол ережесі тәртібін және жолаушылар мен жүк тасымалы ережесін бұзған. Бірақ, берген түсініктемелеріне сәйкес екі жақ та ішкі істер органдары мен медициналық мекемелерге жүгінбеген. Жанжалға қатысқан барлық адамға қатаң сөгіс жарияланып, қайта жұмысқа қабылдану құқығынынан айырылып, жұмыстан шығарылады. Тәртіп бұзушылар автобус парктерінің «қара тізіміне» енгізілді»,-деді М. Жұмәділ.
Оның айтуынша, бұл жанжал бастапқыда «Көктемнің» маңында басталған еді. Яғни олар өзара жарысқан көрінеді. Тексеріс барысында жанжалды бастағандар анықталды. Алты адамның ішінде бесеуі бүгін автопарктен қызметінен босатылады.
Аталған факті бойынша төбелеске қатысқан қызметкерлер шақыртылған. Бұл ретті үш жүргізуші мен үш кондуктор анықталды. Атап айтқанда, 4 қызметкер 8-ші автопаркте, ал екеуі 9-автопаркте жұмыс істеген.
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың 9 қыркүйегінде Алаш тас жолындағы «Көк базар» аялдамасында №39 автобустың жүргізушісі мен кондукторы және №120 автобустың жүргізушісі мен кондукторы арасында жанжал орын алған болатын. Осыған сәйкес қызметтік тексеру жұмыстары жүргізілді.
Оның сөзіне қарағанда, күн сайын Көліктік бақылау қызметі жолаушылар тасымалы саласында тәртіп бұзушылықты анықтау бойынша жұмыстар атқарады. 2016 жылдың 3 қаңтары мен 9 қыркүйегі арасында КБҚ инспекторлары 19 түрлі 4 010 тәртіп бұзушылық анықтады. Осы тәртіп бұзушылық негізінде автобус парктері жүргізушілер мен кондукторларды тәртіптік жазаға тартып, айыппұл салды.