Астанадағы тозығы жеткен үйлер мәселесі қалай шешіледі

Қазіргі уақытта барлық өзекті мәселелерді анықтау үшін әкімдік қала маңындағы елдімекендердің тізімін алуда.
«Бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды. Толыққанды кешенді шешім қарастырылып жатыр. Оның ішінде Нұрлы жер арқылы жүзеге асырып жатқан бағдарламаларды тоғыстыруға қаржы бөлінді. Тозығы жеткен үйлерді бұзу бағдарламасы жасалуда, алданған үлескерлердің мәселесін шешуге қаражат бөлінді. Қала шетіндегі мәселелерді шешу үшін барлық ресурстарды біріктіріп, «Нұрлы жер» бойынша баспана салу бағдарламасына қосуды көздеп отырмыз. Бұл бағытта нәтижеге жету үшін әлеуметтік көмек пен төлем қабілетін зерттеу қажет. Сондықтан, үкіметте құрылған жұмыс тобы аясында бұл ұсыныс қарастырылады. Біз де апатқа қатысты арнайы комиссия құрдық», - деп жауап берді әкім Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде журналистерге.
Еске сала кетейік, 4 ақпан күні түнде елорданың Сарыарқа ауданындағы «Көктал-1» тұрғын үй алабында жеке үйдің ауласында тұрғызылған уақытша баспанада өрт шықты. Өртті сөндіру барысында 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылғы 5 қыз баланың денесі табылды.
Олардың кішісі небәрі 11 айлық сәби еді. Өрт кезінде бес баланың ата-анасы түнгі жұмыста болған.