Астанадағы түнгі клубтардың бірінде есірткі сатушы ұсталды
АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елордадағы түнгі клубтардың бірінде есірткі сатушы құрықталды.
Бұл оқиғаға байланысты мәліметтерді бүгін журналистермен болған брифингте Астана қалалық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Жанат Битенов жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, мамырдың 10-ы күні Астана қалалық Ішкі істер департаментінің Есірткі бизнесімен күрес басқармасының қызметкерлері «Жедел сатып алу» әдісі негізіндегі шұғыл-іздестіру шарасының барысында Астананың түнгі клубтарының бірінен 20 грамм гашиш пен 80 грамм марихуананы саудалап жатқан осы клубтың күзет қызметкерін ұстаған. Оның көлігін тексеру кезінде тағы 100 грамм гашиш табылған. «Қазіргі таңда әлгі азамат қамауға алынып, оған есірткі саудалады деген айып тағылып отыр. Қылмыстық кодекстің бұл бабы бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал түнгі клубтың басшылығына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Бұл материалдардың барлығы да сотқа жолданды. Осы оқиғаға байланысты 50-ден 150-ге дейінгі аралықтағы айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынып, мекеменің жұмысы тоқтатылуы мүмкін», - дейді департамент бастығының орынбасары.