Астанадағы тұрақты донорлар құрметтелді
АСТАНА. Маусымның 12-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанадағы Қан орталығында маусымның 14-і – Донор күнін атап өту аясында Орталықтың белсенді қан тапсырушыларына құрмет көрсету шарасы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ең белсенді 15 донорға «Жұмбақтас» (Бурабай) демалыс үйіне жолдама берілсе, Астана қаласындағы қан тапсыру үрдісін арттыруға тұрақты атсалысып келе жатқан азаматтардың қызмет орындарының басшылығына Денсаулық сақтау министрінің атынан алғыс грамоталар табысталды. Ал Қан орталығына демеушілердің атынан 2 «Нива» автокөлігі сыйға тартылды. Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитеті төрайымының орынбасары Жұмағали Ысмайыловтың атап көрсеткеніндей, Үкіметтің Қаулысымен қабылданған 2008-2011 жылдарға арналған қан қызметін жетілдіру бағдарламасына сәйкес, алдағы уақытта республикада 8 жаңа қан орталығы ашылып, 6 орталық заманауи құралдармен жабдықталатын болады. «Сондай-ақ, 172 маманның таяу және алыс шет елдерде біліктілігін арттыру көзделуде. Қан орталықтары жұмысының сапасын арттыру тұрғысында ? бірыңғай базада барлық қан тапсырушылардың деректері сақталатын донорлардың Ұлттық тізімі жасалатын болады. Сонымен қатар, ақысыз негізде қан тапсырушылардың санын арттыру мақсатында үрдісті үкіметтік емес ұйымдар арқылы барынша насихаттайтын боламыз», - деді ол. Қан орталығы директорының өндірістік-инновациялық мәселелер жөніндегі орынбасары Сәния Абдрахманованың айтуынша, Астанада 10 жыл ішінде 160 мың адам донор болған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сәйкес, елде әр 1 мың адамға шаққанда 40-50 донордан келу керек. Астанада бұл көрсеткіш 39 болса, республика бойынша тек 18-ді құрап отыр. Бүгінде мұқтаж жандарға ақысыз негізде көмек көрсетемін деушілерге 300-400 теңге көлеміне «тәтті» базарлықтар беріліп, жұмыстан бір күнге босатылады. Ал кадрлық донорлар бір процедура үшін төменгі есептік көрсеткіштің 2 және 7 көлемі аралығында қаржылай сыйақы алады.