Астанадағы Үлескерлерді қолдау орталығына 700 адам көмек сұрап келген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында 2017 жылдың тамызынан бастап «бір терезе» қағидатымен Үлескерлерді қолдау орталығы жұмыс істейді. Елорда прокуратурасының бастамасымен құрылған орталыққа бүгінге дейін 700 адам көмек сұрап жүгінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Орталықта азаматтар өтінімдерін тапсырып, құрылыс компаниясы,  құрылыстың жүру қарқыны және осы саладағы қылмыстық істердің тергелу барысы туралы ақпарат ала алады. Халыққа білікті қызметті прокуратура және әкімдік қызметкерлері, медиаторлар мен өзге де уәкілетті орган өкілдері көрсетеді.

«Орталық жұмысын бастағалы бері 700 адамға заңгерлік көмек көрсетілді. Онда азаматтарға «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңда жазылғанындай, үлескерлердің қаражатын тарту тетіктері түсіндіріледі», - делінген Астана қаласы прокуратурасының баспасөз хабарламасында.

Прокуратура, сондай-ақ үлестік қатысумен үй салу үшін құрылыс компанияларына қойылатын міндетті шарттарды еске салды.

Біріншісі - Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының кепілдігін алу. Екінші талап - екінші деңгейлі банктің қатысуы. Үшіншісі - тұрғын үй қабырғасын тұрғызу үшін әкімдіктің рұқсаты. Барлық жағдайда үлестік қатысу туралы келісімшартқа қол қойылады, олар әкімдікте тіркеледі. Өзге құқықтық формада жасалған келісімшарттар заңсыз болып табылады.

«Осындай бұзушылықтар үшін ҚР ӘҚБтК-нің 320-бабы (тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңның талаптарын бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген. Осы жылдың басынан бері аталған бап бойынша 15 компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар