Астанадағы Ұлттық мұражайға Төле бидің шапаны мен қазақ хандарының ту басы әкелінді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы ҚР Ұлттық мұражайына Төле бидің шапаны мен қазақ хандарының ту басы әкелінді.

Астанадағы Ұлттық мұражайға Төле бидің шапаны мен қазақ хандарының ту басы әкелінді

Шекпенді Төле бидің Қожамжар баласынан тараған ұрпақтары осы күнге дейін сақтап келген. Соның қайта жасақталған көшірмесі бүгін мұражайдың жәдігерлер қорына келіп қосылды.

«Сонымен қатар мұражайға Алматы облысынан бірегей қазақтың киіз үйі, Жамбыл облысы Жалғыз оба қорғанынан алтын бұйымдар және Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан құнды жәдігерлер, Андронов дәуірінен жеткен тарихи құндылықтар түсіп жатыр. Бұл жәдігерлер біздің мұражайымыздан ойып тұрып орын алады. Мұражайға қойылған тарихи құндылықтар Қазақстанның өткенін паш ететін бірден-бір жәдігерлердің қатарына қосылды деуге болады», - дейді ҚР Ұлттық мұражайының директоры Дархан Мыңбай.

«Бұл тек қана бір сандықта жатпасын, елдің көз қуанышы болсын деп, кешегі біздің ел, үлкен бір мемлекет болғанымызды, оның туы болғанын білдіру мақсатында осы бір құнды затты Астанадағы үлкен ордаға әкеліп отырмыз. Мен Әз Тәуке ханның тоғызыншы ұрпағымын. Атадан балаға мұра болып келген қара шаңырақта осы ту беріліп отырған. Ханның ұрпағы болғандықтан, осы тудың басы менің отбасымда қалған. Біз бұл туды ең бірінші құнды зат ретінде төрімізде, аталар аманаты, көзің қарашығындай сақтап келдік. Оның ресми атауы «Хандар туы» екені белгілі, кейбіреулер оны Жошы ханның тұсынан келеді дейді, енді бірі оны Тәуке ханнан келе жатқан ту деседі», - дейді қазақ хандарының ту басын алып келген хан Тәукенің тікелей ұрпағы Бекайдар Әміре.

Ғалым Мұхтар Қожаның берген топтамасында ту басы металлдан жасалған зат, түсі - қою қоңыр, кейбір қырларында сарғыш болып келеді. Оның құрамын арнайы зерттеу құралдарымен анықтау қажет. Жалпы биіктігі - 21,5 см, жоғарғы үстіңгі бөлігі күмбез үлгісінде жасалған. Күмбез тарылып барып, тудың ағашына киілетіндей етіп жасалған ұңғыға отырғызылады.

Айта кетейік, Ұлттық мұражай 2014 жылдың 6 шілдесінде ашылады деп күтілуде. Мұражайдың жалпы аумағы 74 мың шаршы метрді құрайды, мұнда 11 зал жасақталып жатыр. Оның ішінде ерте заманғы және орта ғасырдағы, жалпы тарих, этнография, Тәуелсіз Қазақстан тарихы, Астана тарихы, заманауи өнер залдары, тақырыптық көрмелерге арналған 2 зал бар.