Астанадағы Ұлттық музейде бүгін «Туған ел» атты көрме ашылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 25 қазанда Ұлттық музейде Астана қаласы ЮНЕСКО балалар көркемсурет мектеп-клубының «Туған ел» атты диплом жұмыстарының көрмесі ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көрме жұмыстары қала қонақтары мен тұрғындарын балалар шығармашылығы арқылы халықтың тарихымен, салт-дәстүрлерімен, мәдениетімен және тіршілігімен, еліміздің өткенімен, бүгінгісімен және келешегімен, жетістіктерімен және жоспарларымен, жүзеге асқан армандарымен таныстыруға мүмкіндік береді.
Мектеп түлектерінің жарқын, айқын, ерекше және нәзік, арманшыл, тарихи және шынайы туындылары өскелең ұрпақ еліміздің өткенін, бүгінгісін және келешегін қалай елестететінін көрсетеді.
Көрмеге қатысушылардың жасы 15 пен 17 аралығында. Көрмеге көркем сурет, графика, батик, киім дизайны, киіз, зергерлік өнер, тоқу, ағашқа өрнек салу және т.б. әртүрлі бағытта орындалған 50-ден астам жұмыс қойылады.
Түлектердің туындылары ЮНЕСКО басшылығымен өткен «Балалар әлемді салады», «Шабыт», «Нева палитрасы» сынды беделді байқауларда дипломдармен және мақтау қағаздарымен марапатталған.
Көрменің ашылуы 25-қазан сағат 16.00-ге жоспарланған.