Астанадағы жаңа университет ұлттық бренд ретінде құрылуы тиіс - Н. Назарбаев
Бұл туралы бүгін Ақордада өткен ғылым мәселелеріне арналған кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Менің көзқарасымша, Астанада жаңа университетті құру - бұл біздің мемлекеттің дамуына, көптеген қазақстандықтардың және көптеген буындардың сана-сезіміне жаһандық ықпал ететін маңызды ұлттық жоба. Астананың жаңа университеті қазақстандық бірегейлікті, озық халықаралық білім беру моделін, ғылыми тәжірибені үйлестіретін ұлттық бренд ретінде құрылуы тиіс», деді Елбасы.
Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, университеттің айқын академиялық құрылымын қалыптастыру қажет. Бастапқы кезеңде университет үлкен болмауы тиіс. Барлығы үшін жаратылыстану ғылымдары базалық болады, қалған институттар түрлі технологиялардың инжинирингі саласында мамандануы тиіс. Университетте оқытылатын әрбір мамандық бойынша шетелдерден озық мамандар тарту қажет. «Серіктестер ғылыми-ағартушылық бағдарламаларды, бақылауды басқару жүйесін, білім сапасын қалыптастыруға, қазақстандық мұғалімдерді дайындауға жәрдемдесуі тиіс», деді Н. Назарбаев. Осы орайда Елбасы Білім және ғылым министрлігіне шетелдік жоғары оқу орындарын және серіктестерді тарту жұмысын жандандыруды тапсырды.
Елбасының айтуынша, университет экономиканың мұнай-газ, металлургия, химия салалары үшін озық инженерлік-техникалық кадрларды дайындауы тиіс. Бірқатар мамандықтар генетика, биохимия, биофизика, ядролық технолоиялар сынды салаларға ғылыми кадрларды дайындауға бағытталуы қажет.
«Бастапқыда университеттің қуатты бөлігін қалыптастыру қажет. Ғылыми орталықтар мен зертханаларды әлеуеті бар кейбір мамандықтар бойынша құру қажет», деді Елбасы.
Осы орайда Елбасы Үкіметке университеттің ғылыми бөлігін қалыптастыру жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды. «Бұл университеттің жұмыс істеу ерекшеліктері «Білім туралы» заңда және басқа да заңнамалық актілерде бекітілуі тиіс», деді Н. Назарбаев.