Астанадағы жаңа жүйе электр желісіндегі апатты шұғыл анықтайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада көшені жарықтандырудың зияткерлік жүйесі енгізіледі. Бұл туралы «Астана - даму мен инновацияның 20 жылы» форумында «Astana Innovations» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жүзеге асыру кезеңіне көшені жарықтандырудың «ақылды» жүйесін құру бойынша жоба дайындалды. Басқарудың зияткерлік жүйесін пайдалану негізінде дайындалған бұл жоба барлық мәліметтерге автоматты түрде талдау жасайды. Бұл тұрғыда бақылау жүйесінің көрсеткіштерін адамның қатысуынсыз талдап, қорытынды ақпаратты ортақ экранға шығарады», - деп түсіндірді О. Сартаев.
Оның айтуынша, аталған технологиялар электр желілерінде орын алған апаттарды жедел анықтап, оларды жоюға мүмкіндік береді.
«Жалпы алғанда, біз барлық жүйені бақылай аламыз. Апаттар мен өзге де жағдайлар туындаған кезде жүйе барлығын айқындап, проблемалар туындаған нысанды көрсетеді»,- деп қосты Олжас Сартаев.