Астанадағы «Жаннұр» СҮ-не жарылғыш заттың қойылғандығын хабарлаған 23 жастағы жігіт алты жылға сотталуы мүмкін

АСТАНА. 1 қазан. ҚазАқпарат - Астанадағы «Жаннұр» СҮ-не жарылғыш заттың қойылғандығы туралы хабарлаған ер адам ұсталды, деп хабарлайды елордалық ІІД.

Астанадағы «Жаннұр» СҮ-не жарылғыш заттың қойылғандығын хабарлаған 23 жастағы жігіт алты жылға сотталуы мүмкін

Естеріңізде болса, 27 қыркүйек күні сағат 14:35-те Астана қалалық ІІД-нің Жедел басқару орталығына «Жаннұр» сауда орталығына қойылған жарылғыш зат туралы ақпарат келіп түсті.

Оқиға орнына тез арада ІІД, ІІБ басшылары, жедел тергеу топтарының, патрульдік полиция полкінің қызметкерлері, кинологтар, «Арлан» арнайы бөлімінің жауынгерлері, сондай-ақ ТЖД мен ҰҚКД мамандары жетті. Барлығы 130 қызметкер мен 35 автотранспорт пен техника жұмылдырылды.

Ғимараттан 750 адам қауіпсіз аймаққа шығарылды. Кинологтар мен жарылғыш зат техниктері ғимараттың іші-сыртын толық тексерістен өткізді. Жарылғыш зат табылмады.

Ал 14:57-де жаңағы ер адам Астана қалалық ІІД ЖБО-на қайтадан қоңырау шалып, жарылғыш зат басқа жерде - жекеменшік тұрғын үйде орнатылғаны туралы хабарлаған. Тәртіп сақшылары ол жерге де барды, дегенмен, жарылғыш зат туралы ақпарат тағы расталмады.

Жедел-іздестіру шаралары кезінде полиция қызметкерлері бұрын бірнеше рет істі болған 1989 жылғы Өзбекстан Республикасының тумасын ұстады.

Жауап алу кезінде күдікті қылмысын мойындады. Заттық айғақтар тәркіленді.

Ұсталған азамат қамауға алынды. Оған қатысты 6 жылға дейін бас бостандықтан айыруды көздейтін ҚР ҚК-нің 242-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сонымен қатар, жалған ақпарат беру арқылы ол жалпы сомасы 2,8 млн. теңге көлемінде шығын келтірді. Оның 540 мыңы жедел қызметтерге, ал 2 млн. 260 мыңнан астамы «Жаннұр» сауда үйіндегі сауда фирмаларына келтірілді. Ол шығын сот арқылы қылмыскерден алынатын болады. Тергеу амалдары жалғасуда.

Астана қаласының ІІД атап өткендей, 2012 жылы террористік акт туралы жалған ақпарат беру әрекеттері үшін жазалау айтарлықтай қатаңдатылды. Егер бұрын ҚР ҚК 242 бабының санкциясы жаза ретінде айыппұл немесе бір-екі жылға түзеу жұмыстарын, я болмаса 6 айға дейін қамау, не 2 жылдан аспайтын бас бостандығынан айыру жазаларын белгілеген болса, қазір мұндай қылмыс жасаған адамдарға айыппұл немесе 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу, яки 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазалары кесіледі.