Астанадағы жарыстың екінші күні қазақ палуандары тағы екі Рио жолдамасын ұтып алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада өтіп жатқан азиялық лицензиялық турнирде еліміздің екі палуаны Рио-деЖанейрода өтетін Олимпиада ойындарына лицензия жеңіп алды.

Астанадағы жарыстың екінші күні қазақ палуандары тағы екі Рио жолдамасын ұтып алды

Атап айтқанда, Лондон Олимпиадасында қола жүлдегер атанған Гузель Манюрова (75 келі) ширек финалда ирандық К.Кираннан басым түссе, жартылай финалда тайпейлік Х.Чангтан айласын асырған еді. Енді ол ақтық сында жапондық Рио Ватаримен белдеседі.

Ал еркін күресте 97 келі салмақ санатында жарыс жолына шыққан Мамед Ибрагимов алғашқы белдесуінде тәжік палуаны Рустам Искандардан басым түскен еді. Жартылай финалдық белдесудің соңғы секундтарында моңғол палуаны Худербулг Доржханға қарағанда белсенділік таныта білген ол финалға жолдама алды.

Айта кетерлігі, байрақты бәсекенің алғашқы күнінде Элмира Сыздықова мен Ғалымжан Өсербаев Рио лицензиясын иеленген еді.

Жарыстың екінші күні олимпиаданың 12 лицензиясы сарапқа салынады. Жолдама әрбір салмақ санатында ақтық белдесуге шыққан спортшыларға беріледі.