Астанадағы жекеменшік балабақшаларды жан басына қаржыландыру көлемі 23 мың теңгеге жетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап Астанадағы мектепалды жекеменшік ұйымдар үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру бір бала үшін 23 000 теңгеге дейін артады. Бұл туралы бүгін Астана қалалық Кәсіпкерлер палатасы басшысының құқық мәселелері жөніндегі орынбасары Бауыржан Бейсенов мәлім етті.
«Астана қаласының әкімдігі мен мәслихатына тиісті хат жолданған болатын. Екі тарап та бізді қолдады. Қазір мемлекет тарапынан көрсетілетін демеуқаржы, яғни, жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі бір бала үшін 15 мың 900 теңгеден 23 мың теңгеге дейін көбейді», - деді Б.Бейсенов елордадағы жекеменшік балабақшаларды дамыту мәселесі жөнінде өткен дөңгелек үстел барысында.
Б.Бейсеновтің айтуынша, осы бағыт аясында мемлекет тарапынан 167 млн теңге демеу қаржы бөлінен. «Қаладағы жекеменшік балабақшалар мен жекеменшік мектепалды білім беру ұйымдарын қолдау үшін мемлекет тарапынан осындай көмек көрсетіліп отыр. Астана қаласындағы жекеменшік балабақшаларды жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі 2012 жылдан бері өскен емес. Қазақстанның басқа қалаларында жан басына шаққанда қаржыландыру көлемі мен ата-аналар төлейтін ақы жыл сайын артып отырады. Мысалы, Қарағанды облысында балабақшаларды жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі 2010 жылғы 10 825 теңгеден 2016 жылы 17 000 теңгеге дейін артқан», - деп түсіндірді Б.Бейсенов.