Астанадағы жекеменшік колледждердің студенттеріне жеңілдікті жол жүру билеттерін тарату керек - Эльмира Суханбердиева
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жекеменшік колледждерде оқитын көп балалы отбасылардың студенттеріне жеңілдікті жол жүру билеттерін беру керек. Бұл туралы бүгін Астанада өткен «дөңгелек үстелде» елордалық білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева мәлім етті.
«Жекеменшік колледждерде оқитын көп балалы отбасылардан шыққан студенттер жеңілдікті жол жүру билеттерімен қамтамасыз етілмеген. Мәслихат шешімінде жекеменшік колледждерде оқитындар үшін жеңілдікті билеттер қарастырылмаған. Әрине, бюджеттің де жағдайын ескеру керек, алайда осы мәселені қарастыруды ұсынамыз», - деді басқарма басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде көп балалы отбасылардан шыққан студенттердің саны 2 016 адамды құрап отыр. Оның ішінде жол жүру билеттерімен мемлекеттік колледждердің 1 312 студенті қамтамасыз етілген.
«Колледж студенттері ұдайы қалалық шараларға жұмылдырылады. Сонымен қатар 2-курстан бастап оқу аяқталғанға дейін өндірістік-кәсіби тәжірибеден өтеді. Осы орайда жекеменшік колледждерде оқитын көп балалы отбасылардың студенттерін тегін жол жүру билеттерімен қамтамасыз етуді сұраймыз. Осы санатқа жататын 704 бала бар», - деді Э. Суханбердиева.