Астанадағы жеңіл рельсті трамвайлар құрылысы қашан аяқталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда басшысы Әсет Исекешев жеңіл рельсті трамвайлардың құрылысы қашан аяқталатынын айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Астанадағы жеңіл рельсті трамвайлар құрылысы қашан аяқталады

«Әуежайдан жаңа темір жол вокзалына дейінгі жеңіл рельсті трамвайлар жобасын жүзеге асыру жұмысы белсенді жүргізіліп жатыр. Оның құрылысын 2019 жылдың соңында аяқтау жоспарланып отыр. Ұзындығы 22,5 шақырымдық эстакадты желі салынады», - деді қала әкімі.

Шаһар басшысының айтуынша, жеңіл рельсті трамвайлар қаланың инфрақұрылымына түскен жүкті айтарлықтай жеңілдетеді. Әкім өз сөзінде арнайы бағдарламалар бойынша ақылды бағдаршамдар, оңға бұрылуға мүмкіндік беретін жолдар, автобус жолдары салынатынын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы 4 жылда 740 жаңа бағдаршам сатып алынып, жаңа автобустардың үлесі 70 пайызға жеткен.

«Біз көліктердің өсіміне қарамастан, жағдай орнықты екенін көріп отырмыз. Әлбетте, қоғалыс көбейген кезде аздаған мәселе бар. Бірақ, өздеріңіз салыстырып көрсеңіз, 10 жыл бұрын ғана қаламызда 100 мың көлік болса, қазір олардың саны - 400 мың. Сондықтан, қоғамдық көліктерге ерекше назар аударылып келеді», - деді әкім.