Астанадағы ЖЭО-3 құрылысына аудит: Әкімдік деректері сәйкес келмей тұр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жылу энергетика саласында инвестициялық жобалар сапасыз іске асырылып жатыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында жылумен жабдықтау саласындағы аудиторлық іс-шараның қорытындысын талқылау кезінде Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Қаржылай қамтамасыз етудің өзінде, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда тежеуші факторлар көбінесе сапасыз жобалау мен мердігерлердің шарт міндеттемелерін тиісінше орындамауына қатысты болып тұр. Мәселен, Астана қаласындағы бәріне танымал ЖЭО-3 құрылысының жобасы 2011 жылдан бері іске асырылып келеді. Аудит жасау кезінде жұмыстың небәрі 64 пайызы орындалғаны расталды, ал әкімдік 83% іске асырылғанын мәлімдеген еді. Сонымен қатар, осы уақыт ішінде жоба 40 пайыздан астам сомаға қымбаттаған», - деді Н. Годунова.

Оның айтуынша, қалада энергия беру нысандарына қатысты жылу беру бағытында жүктеме шамадан тыс асып кеткен. 2021-2022 жылдары жылу желілеріне қосылу бағытында қаланың энергия көздері қуатында тапшылық болған. Дегенмен, «Астана-Теплотранзит» АҚ 730 заңды және 360 жеке тұлғаға орталық жылу беру жүйесіне қосылуға техникалық шарттарын берген. Осының салдарынан 2023 жылы жылу беру жүйесінде теңгерімсіздік байқалды.

«Осыған байланысты өсіп келе жатқан жүктемені ескере отырып, қалалардың тұрғын үй құрылысында инженерлік инфрақұрылымның қолданыстағы қуатын ескеру маңызды», - деді палата басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Жоғары аудиторлық палата жылымен жабдықтау саласында қаражатты тиімсіз игеру деректерін анықтады.

Жылу беру саласындағы мемлекеттік реттеу бірнеше мемлекеттік органға жүктелгендіктен, жылу энергетикасын дамытуда жүйелі тәсіл жоқ.


Соңғы жаңалықтар