Астанадан «Алтын тұлпар» аламан бәйгесіне көрермендерді апаратын тегін автобустар ұйымдастырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұдан бұрын хабарланғандай, ертең 14 қыркүйек күні Астанадан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Қабанбай батыр ауылында республикалық «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі өтпек. Оған Қазақстанның барлық облыстарының шабандоздары қатысады.

Астанадан «Алтын тұлпар» аламан бәйгесіне көрермендерді апаратын тегін автобустар ұйымдастырылады

Бұл дүбірлді доданы көруге ынтық көрермендерге Астана қаласынан тегін автобустар жүргізу ұйымдастырылған, деп хабарлайды ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығынан. Олар үшін «Asia Park» ойын-сауық орталығынан таңғы сағат 10.00-де автобустар жолға шығады. Ал БАҚ өкілдеріне арналған автобус та «Қазмедиа» орталығының алдынан сағат 10.00-де жүреді.

Турнирдің бағдарламасы бойынша сағат 11.00-де «Алтын тұлпар» аламан бәйгесінің салтанатты ашылуы өтеді. Ал бәйгенің өзі шамамен сағат 11.10-да басталады. Түскі сағат 14.00-де доданың салтанатты жабылуы және жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтпек.