Астанадан бір күнде 34 мың текше метр қар шығарылды

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада қалың қар жауған жағдайда коммуналдық қызметі қаланы қардан тазартып, тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

осадки
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Түнгі ауысымға 1000-нан аса арнайы техника мен 200-ден аса жол жұмысшылары жұмылдырылды. Тротуар, аялдама, жер асты өткелдері сияқты көпшілікке арналған орындар қардан тазартылуда.

Бір күн ішінде коммуналдық қызметтер Астанадан 34 мың текше метрден аса қар шығарып, 2 681 ауыр жүк рейсін жасады.

Қыс мезгілінің басынан бері қар полигондарына 217 010 рейспен 3 млн текше метрге жуық қар шығарылды.

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша Астанада 27 қаңтарда күн бұлтты, арасында қар жауып, боран болады деп күтілуде.

Оңтүстік-батыстан соққан жел екпіні күндіз 9-14, түнде 15-20 м / с. Ауа температурасы түнде -15-17, күндіз -13-15 аяз болады.