Астанадан ластаушы кәсіпорындарды көшіру қажет - Жеңіс Қасымбек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана агломерациясының экологиялық жағдайын жақсарту үшін І-ІІ  санаттағы ластаушы кәсіпорындарды қаладан көшіру қажет. 

Астанадан ластаушы кәсіпорындарды  көшіру  қажет - Жеңіс Қасымбек

Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Миинстрдің сөзіне қарағанда, Астана агломерациясын аумақтық дамыту жоспарына сәйкес «Астана-Бурабай» жасыл дәлізін құру және оны табиғи орман алқаптарымен біріктіріп, бірыңғай экожүйені қамтамасыз ету көзделген. Ал құрылысы жоспарланып отырған «Сарыарқа» газ құбыры есебінен елді мекендерді одан әрі газдандыру Астана мен 30-ға жуық елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге, сол арқылы экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.

«Бұдан басқа, агломерацияның экологиялық жағдайын жақсарту үшін І-ІІ  санаттағы ластаушы кәсіпорындарды Астанадан көшіру ұсынылады. Төтенше жағдайлардан қорғану үшін 7 өрт депосын, көктемгі кезеңде судың астында қалуы мүмкін учаскелерде су тасқынына қарсы бөгеттерді, Целиноград ауданының Талапкер ауылында судан құтқару стансасын салу қажет», - деді Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, аталған шаралар халықты қорғауды қамтамасыз ете отырып, экономикалық залалдың төмендеуіне ықпал етеді.