Астанадан Түмен, Батуми, Томск қалаларына тұрақты рейстер ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда Астанадан Түмен, Батуми, Томск және өзге де қалаларға тұрақты рейстер ашылады. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында хабарлады.

Астанадан Түмен, Батуми, Томск қалаларына тұрақты рейстер ашылады

«2018 жылы қазақстандық әуе компаниялары Астанадан Түмен, Краснодар, Вильнюс, Томск, Челябі, Сочи, Батуми, Душанбе қалаларына тұрақты рейстер ашуды жоспарлап отыр. Шетелдік компаниялар (Air Baltic, Emirates, Fly Dubai, «Ангара», «Аэрофлот») Рига - Алматы, Дубай - Алматы, Дубай - Ақтау, Красноярск - Алматы, Мәскеу - Қызылорда бағыттары бойынша тұрақты рейстер жүргізеді», - деді министр.

Ал 2020 жылы Сингапур, Токио және Шанхайға рейс ашу жоспарланып отыр.

Министрдің айтуынша, бүгінде елімізде 96 бағыт бойынша халықаралық рейстер жүзеге асырылады. Мәселен, 2016 жылы Алматыдан Сиань, Санья, Шарм-Эль-Шейх, Тегеран және Самара қалаларына, Астанадан Амстердам, Саньяға, Ақтаудан Батуми және Сочиге, Шымкенттен Ыстанбұл және Худжанд, Қарағандыдан Ыстанбұлға, Тараздан Нижневартовск, Сургут және Худжанд қалаларына 15 жаңа бағыт ашылған.

Қазақстан астанасы мен әлемдегі жетекші қаржылық орталықтар арасында тікелей әуе қатынасын қамтамасыз ету мақсатында республиканың әуе тасымалдары нарығын кезең-кезеңімен ырықтандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Астанаға Варшавадан LOТ әуе компаниясының, Будапешттен - Wizzair әуе компаниясының, Хельсинкиден - Finnair және Батумиден - Georgian Airways грузиялық әуе компаниясының рейстері ашылды. Сондай-ақ, қазақстандық әуе тасымалдаушылары Киев, Минводы, Ереван, Дели бағыттары бойынша жаңа рейстер ашты, деп жазды басылым.