«Астанаэнергосбыт» компаниясы жалпы үй мұқтаждығы үшін пәтерлердің ауданына сәйкессіз төлем есептеп келген
Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау агенттігі басқармасының 13-ші мәжілісінің қорытындысы бойынша ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Монополияға қарсы агенттік бұған дейін Астана әкімдігінің өкілдері мен қала тұрғындарының қатысуымен кеңес өткізіп, жалпы үй мұқтаждықтары үшін төлем жасаудың ретін түсіндірген болатын. «Астанаэнергосбыт» серіктестігіне аталмыш мәселеге қатысты монополияға қарсы заңнаманы бұзу фактілерін тоқтату керектігі көрсетілген еді. Бірақ, серіктестік агенттіктің нұсқауларын толық орындамай отыр, заңсыздықтарға жол беріліп келген кезеңде серіктестік жалпы үй мұқтаждығы үшін энергия қуатын сатудан 43 миллион теңге көлемінде пайда тапқан», деп атап көрсетілген баспасөз қызметінің ақпаратында.
Агенттік басқармасы серіктестікке қатысты іс қозғау, оған айыппұл санкцияларын салып, әкімшілік жауапқа тарту туралы шешім қабылдап отыр.