«Астанаэнергосбыт» тарифтерді негізсіз өсірген

«Астанаэнергосбыт» ЖШС қызметін тексеру қорытындылары бойынша электр энергиясы үшін төлем сомаларын есептеу тәртібінің бұзылғаны анықталды. Тұтынушылар негізсіз, жоғары сома төлеп келген. Яғни жүгінген 56 тұтынушының 32-не 129 мың теңге мөлшерінде негізсіз сома қойылған. Мысалы, тұтынушылардың бірі 4 айда артық төлем жасап, жалпы сома 17 мың теңгені құрады. Ал Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ай сайынғы орташа төлем - 4,5 мың теңге», - делінген ресми ақпаратта.
Сондай-ақ, хабарламада аталған мекемеге қатысты әкімшілік іс қозғалғаны айтылған.
«Астанаэнергосбыт» ЖШС-на қатысты ҚР әкімшілік құқық бұзу кодексінің 167-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Оған сәйкес 2000 АЕК немесе 6 млн теңгеден аса айыппұл көзделген», - дейді ведомстводан.
Одан бөлек, «Астанаэнергосбытқа» заңсыз жүргізілген төлем сомаларын қайта есептеп, кемшіліктерді жою туралы нұсқама берілді.
«Тұтынушылар ұсынылған шоттардың негізсіз артық көтерілгенін анықтаған жағдайда, қайта есептеу жүргізу үшін «Астанаэнергосбыт» ЖШС-на жүгінуге құқылы. Егер мекеме қайта есептеуден негізсіз бас тартқан жағдайда, тұтынушылар ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментіне жүгіне алады», - деп хабарлайды комитет.
Айта кетейік, аталған кемшіліктер тұтынушылардың өтініштері негізінде жүргізілген жоспардан тыс тексерудің нәтижесінде анықталып отыр.
Еске салсақ, «Астанаэнергосбыт» ЖШС-не 6 млн теңгеден астам айыппұл салынуы мүмкіндігі бұған дейін айтылған еді.