«Астанаға 12 мың камера орнатылады» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 29 желтоқсан, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Алтайдың алты айлық қысы кәріне мінді. Соңғы күндері қатты жел үрлеген сіре қар жол қозғалысына айтарлықтай тосқауыл болды. Кейбір бағыттарда бірнеше күн бойы жол жабық. Тіпті, кей тұстағы көлік бойын жасырған нар қар таңғалдырады. Қалың қардың түсуі мен қарлы бұрқасынның тыйылмауына байланысты өңірдің Үржар, Зырян, Риддер, Шемонайха, Глубокое, Зайсан сынды бірқатар қалалары мен аудандары арасындағы жол қозғалысына қойылған шектеу әлі күшінде. Атап айтқанда, Өскемен - Таулы Үлбі - Северное, Өскемен - Риддер - Ресей шекарасы, Өскемен - Семей, Өскемен - Шемонайха - Ресей шекарасы, Семей - Ресей шекарасы, Шемонайха - Секисовка, Алматы - Өскемен (Қайсенов кенті мен Қалбатау ауылы арасы), Тарғын - Самар, Омбы - Майқапшағай, Аягөз - Ақсуат, Бородулиха - Жез­кент жолдары жабық. Жол бойында патрульдік қызмет кезекшілік етіп жүр.

«Алдыңғы тәулікте Шығыс Қазақстан облысында қалың қар құрсауында қалған 117 адам құтқарылды. Омбы - Майқапшағай жолында облыстық апаттық-құтқару және өрт сөндіру қызметінің құтқарушылары Байбура мен Даубай аталатын екі учаскеде жолаушыларға көмек көрсетті. Көкпекті ауданының аумағымен өтетін бұл жол учаскесі табиғаттың тыныш күнінде де борандатып тұрады.Ал ауа райы құбыла қалған кезде автокөлік жүргізушілеріне зор қиындық тудырады. Шынжыр табанды көліктің көмегімен қалың қар қалқасын аршыған құтқарушылар жолсызбен жүре беретін техниканың арқасында қар құрсауында қалған адамдарды қауіпсіз жерге тасыды. 26 желтоқсанда Омбы-Майқапшағай автокөлік жолының қар басып қалған екі учаскесінен 93 адам құтқарылды»,-деп жазады газет.

Бас басылымда «Аяз Ата үшін астындағы «атын» сатқан» деген материал көпшілік назарына ұсынылып отыр. Қарағандының Денис Евтухов деген тұрғыны автосервисте қарапайым жұмысшы болып істейді. Ол сүйікті қалама Аяз Атаның мүсінін сыйға тартам деп астындағы темір тұлпарын алған да сатып жіберген.

Содан, достарымен тізе қосып, қыркүйектің басынан бастаған Аяз Атаның биіктігі төрт метрге жуық мүсінін таяуда жасап бітірді. Тұрғындардың қауіпсіздігін ойлап, пластиктен жасалған мүсіннің ішкі қуысын арматурамен мықтап тұрып шандыған.

Бір өкініштісі, Аяз Атаның жанынан қалмайтын Ақшақарға ақша жетпей қалыпты. Денистің айтуынша, олар бұл олқылықтың орнын келесі жылы толтырмақ.

Денис және оның командасы мүсінге көк және ақ түсті пайдаланған. Көк шапанның шалғайы мен қолғаптарды қазақтың оюымен көмкеріпті. «Біздің Аяз Атаны шетелдің Санта-Клаусымен шатастырмасын деп әдейі осылай істедік. Жалпы, біз Отанымызды шын сүйетінімізді сөзбен емес, іспен дәлелдегенді жөн көрдік!», - дейді Евтухов деген ер жігіт.

Аяз Атаның еңселі мүсініне күні кеше ғана ашылған «Достық үйінің» алдына орнатылған шыршаның жанынан орын тиді.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында Астана қалалық ІІД бастығы Амантай Әубәкіровтен алынған сұхбат жарияланды.

«Шындығында, елорда халқы күн санап өсіп келеді. Қала халқының тығыздығына және олардың хабарламаларына жедел әрекет ету мақсатында, ішкі үлестіру есебінде қаланың үш ауданына қосымша «Оңтүстік-Шығыс» және «Көктал» шағын аудандарында аудандық полиция бөлімшелері құрылып, жыл басынан бері қызмет етуде. Жыл сайын Астанада бейнекамералардың едәуір саны қосымша орнатылады. Бір мезетте жоспарлы жаңғырту жүргізілуде, осы секілді ескірген жүйелердің орнына бейне талдау қызметтері бар зияткерлік бейне жүйелер енгізіледі. Азаматтардың қауіпсіздігі мен жайлылығына арналған жоғары талаптар үлкен қалалардың барынша зияткерлі және мобильді болып келуін қалайтыны сөзсіз. Сондықтан Астана 2017 жылы әлемдегі 50 «ақылды» қалалардың халықаралық үздіктер қатарына ену үшін инновациялық технологиялардың дамуына бет алды. Тіршілік қарекетін кешенді қамтамасыз ету жүйесін енгізу шеңберінде қосымша 12 мыңнан аса бейнеқұрылғы орнату қарастырылуда. Астанада «Қауіпсіз қала» жобасын енгізу оң көзқарас танытып, халықтың қажеттілігін қанағаттандыруда. Олардың көмегімен полицияның жұмысы ғана емес, сонымен қатар жедел жәрдем, апаттық-құтқару және басқа да шұғыл әрекет ету қызметтерінің жұмысы жеңілдейтініне сенімдіміз. Олардың барлығы онлайн режимінде бақылау жүйесін қарай алады.Бүгінде ІІД жұмысын ТМД елдеріндегі әріптестерімен байланыссыз елестету мүмкін емес. Осы жылдың маусымында елордалық ІІД Мәскеу қаласы ІІБ қылмыстық іздестіру бөлімінің қызметкерлері келді. Біріккен қызметті нығайту мәселелері ғана емес, арнайы қылмыс түрлерін ашуда оң тәжірибе алмасу мәселелері де талқыланды»,-дейді қалалық ІІД бастығы. Бұл сұхбат «Астанаға 12 мың камера орнатылады» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымда «Дәрілердің шектеулі бағасы белгіленді» атты материал басылды. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Ұлттық дәрілік формулярды әзірледі.Бұл туралы баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті төрағасының орынбасары Лариса Пак мәлім етті.

Ұлттық формулярда мемлекеттік реестрде тіркелген дәрілердің шектеулі бағасы белгіленіп отыр. Бұл өз кезегінде, әлеуметтік жағдайы мен табысының мөлшері төмен әрбір азаматқа дәрілік көмекті қолжетімді етуді қамтамасыз етпек.

- Ұлттық формулярды құру барысында Ұлыбританияның тәжірибесі алынды. Оған халықаралық сарапшылар тартылды. Соның ішінде Британияның ұлттық формулярын жасап шыққан Дункан Энрайт бар. Сонымен қатар Жаңа Зеландия мен Австралия мамандары қолұшын берді. Ұлттық формулярды құруда қазақстандық фармакологтар, сарапшылар, профессорлар да шет қалған жоқ, - деп атап өтті комитет басшысының орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, бұл тізімге ғылыми тұрғыда ғана емес, тәжірибеде дәлелденген сапалы дәрілік заттар еніп отыр.

*** «Ана тілі» газетінің соңғы санында «Атауды айқындауда бұқараның белсенділігі қажет» деген мақала жарияланды. Онда Павлодар облысында еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері ономастика саласында атқарылған жұмыстар жайында баяндалған. Жалпы алғанда өңірде 81 елді мекеннің атауы қазақшаланды. Қазіргі таңда облыстың Баянауыл, Ертіс, Май, Ақтоғай аудандары мен Екібастұз, Ақсу қалаларына қарасты ауыл-аймақ атауларының басым бөлігі ұлттық санамызға тән атаулармен өрнектелген.

«Нақтырақ тоқталар болсақ, бүгінгі күні Баянауыл ауданына қарасты 38 ауылдың 36-сы, Май ауданындағы 23 ауылдың барлығы, Лебяжі ауданындағы 27 ауылдың 25-сі, Ертіс ауданындағы 34 ауылдың 29-ы, Ақтоғай ауданындағы 37 ауылдың 30-ы және Екібастұз қаласына қарасты 27 ауылдың 25-і қазақи атаулардан құралған. Жалпы алғанда облыс аумағында 3 қала, 10 аудан, 4 кент, 138 ауылдық округ, 402 ауыл бар. Қазіргі уақытта облысымыздағы 138 округтің 83-і (60%) және 402 ауыл атауының 259-ы, яғни 64 пайызы қазақ тілінде»,-деп жазады мақала авторы.

Соңғы жаңалықтар