Астанаға 125 жаңа автобус әкелінді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада қоғамдық көліктердің саны арта түсті. Қалаға жаңа автобустар әкелінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанаға 125 жаңа автобус әкелінді

«Елордада 6 автобус паркі бар. Оның 5-еуі – жекеменшік және 1-еуі – коммуналдық парк. Қоғамдық көлік 91 бағытта қатынайды. Оның 63-і қала ішінде, қалған 28 автобус қала маңына жүреді. Күн сайын желіде 850-ге жуық автобус қызмет көрсетеді. 2022-2023 жылдары қоғамдық көлік қызметін жетілдіре түсу мақсатында жаңа бағытта 4 (№121, 327, 328, 329) автобустар іске қосылды. Сонымен қатар, 44 бағыттың кестесі өзгертілді, Bus Lane 2 учаскесі енгізілді», - деді Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ержан Диханбаев мәслихаттың қоғамдық кеңес отырысында.

Оның айтуынша, қала маршруттарының жұмыс кестесі де ұлғайтылды.

«Бүгінде елордада қоғамдық көлік тапшылығы бар. Бұл мәселені шешу үшін биыл 400 автобус сатып алынады, оның 125-і қалаға әкелінді. 320 автобусты коммуналдық автопарк, ал 80 автобусты жеке парктер сатып алады. Тағы бір айта кететін жайт, қала халқы санының өсуін ескерсек, жыл сайын 100 автобус сатып алу қажет», - дейді спикер.