Астанаға 16 жыл ішінде 5 трлн. теңге салынды - И. Тасмағамбетов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанаға 16 жыл ішінде шамамен 5 трлн. теңге салынды. Бұл туралы бүгін «Астана инвест-2014» 5-ші халықаралық инвестициялық форумның ашылуында елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов айтты.
Қала басшысының атап өтуінше, Елбасы Н.Назарбаевтың тұрақты назар аударуының арқасында қалаға инвестиция тарту ең бірінші кезектегі басымдыққа айналып отыр. Соның нәтижесінде қысқа ғана уақыттың ішінде қала қарқынды даму жолына түсті. «Осы уақыт аралығында қала халқы шамамен 3 есеге, ішкі жалпы өнімі 54 есе артты. Ал Астананың ЖІӨ-дегі үлесі 6 есеге, инвестиция 28 есеге ұлғайды. 16 жылдың ішінде Астанаға 4 трлн. 780 млрд. теңге құйылды», - деді елорда әкімі. И.Тасмағамбетовтің айтуынша, Астана елорда болғалы бері 12 млн. шаршы метр баспана салынды. Оның шамамен 6 млн. шаршы метрі соңғы 4 жылға тиесілі. Құрылыс саласының қарқын алуынан қаланың индустриалды дамуы деңгейі қалыптасып отыр. «Біздер үшін қалада әлемдік танымалдыққа ие өндіріс ошақтарының ашылуы барынша маңызды. Өткен жылдың өзінде ғана өндірістің жалпы көлемі жарты миллиард долларға жетті», - деді ол.