Астанаға 2014 жылы 642 мыңнан астам турист келді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ел ордасы - Астана 17 жылдың ішінде еліміздің ірі туристік орталығына айналды. 2014 жылы қалаға 642,1 мың турист келген, соның ішінде елге келушілер туризмінің желісі бойынша - 145,5 мың турист, ішкі туризм желісі бойынша - 440,9 мың турист, деп хабарлады Астана қаласының ресми сайты.

Астанаға 2014 жылы 642 мыңнан астам турист келді

Соңғы жылдары кіріс туризмі арқылы Астанаға келген туристер саны артып келеді: 2011 жылғы 105,9 мың адамнан, 2014 жылы 145,5 мың адамға дейін. Ішкі туризмнің үлес салмағы да 2011 жылғы 373,5 мың адамнан 2014 жылы 440,9 мың адамға дейін өскен.

Астана қаласы Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының хабарлауынша, қалада 297 туристік фирма жұмыс істейді. Негізінен, олар таяу және қиыр шет елдерде елордалықтардың демалысын ұйымдастырып, елден кетушілер туризмімен айналысады, туристік фирмалардың басым бөлігінің авиакассалары, кейде теміржол кассалары болады.

Елге келушілер туризмі бойынша туристік қызметтер нарығында негізінен шетел азаматтарын визалық қолдау, қонақ үйге дейінгі трансферттер және аудармашы қызметі ұсынылады. Бірнеше шет тілдерінде экскурсия ұйымдастыру, автомобильді жалға алу қызметі де кеңінен тарап отыр.

«Астана - менің Отанымның елордасы» кең ауқымды әлеуметтік жобасы жыл сайын жүзеге асырылады. Жоба аясында Қазақстанның өңірлерінен 500 бала елордаға келеді. Атап айтқанда, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын балалар, оқу мен спорт озаттары. Екі күндік танымдық, ойын-сауық бағдарламасына елорданың көрікті жерлерін аралау кіреді. «Кочевник» туристік компаниясымен бірлесе «Astana Bus Tours» жобасының екі қабатты қызыл автоубстарымен қала бойынша экскурсия ұйымастырылды. Астана қаласы Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы қаланың туристік имиджін жылжыту мақсатында Қазақстан Республикасының ресми делегациясының құрамында Лондон, Мадрид, Ыстамбұл, Мәскеу, Берлин, Гонконг, Дубаи қалаларында өткен халықаралық көрмелерге қатысты.