Астанаға 450 автобус сатып алынбақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Болашақта Астанаға 450 автобус сатып алу жоспарланған. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласы әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков мәлімдеді.
Оның мәліметінше, бүгінде Астанадағы қоғамдық көліктер 750 мың жолаушыны тасымалдайды. Бұл - тұрғындардың 33 пайызы. Әкімдік 2016 жылға дейін бұл көрсеткішті 970 мыңға, яғни 47 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр.
«Ол үшін жаңа маршруттық жүйе енгізу керек. Осы мақсатта еуропалық «Typsa» компаниясының жобасы сынақ түрінде енгізілген болатын. Бұдан бөлек, биыл IVECO маркалы 350 жаңа автобус жеткізу жөнінде келісімге қол қойылды. Олардың барлығы газбен жүретін болады. Жылдың соңына дейін тағы 100 автобус сатып алу жоспарланып отыр», - дейді Қ. Сұлтанбеков.
Әкім орынбасарының мәліметінше, қоғамдық көліктердің жұмысын қадағалау үшін 2 коммуналдық парк салынады.
«Алғашқы парктің құрылысы ағымдағы жылдың мамыр айында қолға алынып, тамызда қолданысқа беріледі. Екінші автопарк биылғы жылдың екінші жартысында басталып, 2015 жылдың сәуір айында тапсырылады», - деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, Қ. Сұлтанбековтің айтуынша, жүргізушілердің біліктілігін арттыру мақсатында арнайы орталық құрылып, ол 30 сәуірден бастап қызметіне кіріседі.