Астанаға 700 тоннадан астам ауылшаруашылық өнімдері әкелінді - И. Тасмағамбетов
АСТАНА. Қазанның 9-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Елордада «Ауыл береке» ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде.
Бүгін қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қатысуымен ашылған шара биылғы маусымның қорытынды жәрмеңкесі.
«Шапағат» коммуналдық базарының аумағында ашылған «Ауыл береке» жәрмеңкесіне Ақмола облысының фермерлік шаруашылықтары өз өнімдерін қойған. Бұның алдында Астанада Павлодар, Қарағанды, Алматы, облыстарының және Теміртау мен жергілікті жердің ауылшаруашылық кәсіпорындары өсірген жеміс-жидектері, көкөністері, өндірген ет-сүт өнімдері арзан бағамен сатылған еді.
«Маусымда болған жәрмеңкелерге 220-ға тарта ауылшаруашылық тауарларын шығарушы субъектілер қатысты. Олар Астанаға 700 тоннадан асатын өнім алып келген. Бұл өте жоғары көрсеткіш», - деді әкім.
И. Тасмағамбетовтің айтуынша, бүгінгі жәрмеңкеде ұсынылған тауарлар нарықтағы бағаларға қарағанда, 20-25 пайызға төмен бағамен сатылып жатыр.
«Қыркүйек және қазан айларында жәрмеңкелер маусымы кезінде елордаға шектес жатқан барлық облыстардан ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілері қатысты. Олардың тарапынан белсенділік өте жоғары, ұсынылған тауарлардың түрлері өте көп және олардың нарықтағы бағаларға қарағанда 20-25 пайызға төмен бағамен сатылуы тұрғындар үшін тартымды екендігін айта кеткен жөн», - деп атап көрсетті И. Тасмағамбетов.
Аталмыш шаралар Астана айналасында азық-түлік белдеуін құру туралы Елбасының тапсырмасы аясында ұйымдастырылды.