Астанаға алыс шетелден келгендердің көбі Қытай мен Моңғолия азаматтары
АСТАНА. KAZINFORM – Астанаға алыс шетелден келетін мигранттар арасында Қытай мен Моңғолия азаматтарының үлесі жоғары. Бұл туралы агенттіктің ресми сауалына жауап берген Астана қаласы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаменті мәлім етті.
Департамент мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар–наурыз айларында Астанаға ТМД құрамына кірмейтін мемлекеттерден 394 адам келген. Оның 313-і Қытай, 42-сі Моңғолия азаматтары. Осылайша, алыс шетелден келген көші-қон ағынының шамамен 90 пайызы осы екі елдің үлесіне тиесілі.
2024 жылы Қытайдан Қазақстан астанасына 537 адам, Моңғолиядан 342 адам қоныс аударған. Салыстыру үшін айтсақ, АҚШ-тан 25 адам, Германиядан 36 адам, Корея Республикасынан 10 адам келген.
Департаменттің мәліметіне қарағанда, Қытаймен арадағы көші-қонның оң көрсеткіші соңғы жылдары сақталып келеді. Мәселен, 2020 жылы бұл көрсеткіш 201 адамды құраса, 2025 жылы 614 адамға дейін өскен.
Сондай-ақ департамент көші-қон үдерістеріне сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуы, білім беру саласындағы алмасулар және елдер арасындағы еңбек мобильділігі сияқты әлеуметтік-экономикалық факторлар әсер ететінін атап өтті.
Бұған дейін Қазақстанда босқын мәртебесі бар адамдарға қатысты өзгерістер енгізілетіні белгілі болған еді.