Астанаға арман қуып келген жастар баспаналы болғанда қандай сезімде болғанымен бөлісті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптаның сәрсенбісі елордалық 72 жас отбасы үшін сәтті ғана емес, өмірдегі ең бақытты күннің бірі болды. Тәуелсіздік күні қарсаңында көптен күткен армандарына қол жеткізіп, болашақ баспаналарының кілтін қолына алды. Оларға «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында салынған жаңа пәтерлердің кілтін елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков салтанатты түрде табыс етті.
Қала басшысы елорда әкімдігінде өткен салтанатты жиын барысында отбасыларды осынау атаулы күнмен құттықтай отырып, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері жұмыстың басты басымдығы болып табылатынын және оның толық көлемде орындалатынын атап өткен болатын: «Бүгін, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында, 72 жас отбасы пәтер кілтіне ие болып жатыр. Жас отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысының жаңа бағыты тікелей Президенттің тапсырмасымен әзірленді. Мемлекет бұл мәселеге әрқашан көңіл бөліп, барынша қолдау көрсетіп келеді. Сіздерді бүгінгі қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа қоныстарыңыз береке мен қуанышқа тола берсін». Баспаналы болып жатқан 72 жанұяның ішінде екі бала тәрбиелеп отырған жас отбасы Білімбек Сексентайұлының да шаңырағы бар. Тілдескенімізде әйелі Айланыш екеуі әлі де қуаныштан жүрегі жарылардай болып отырғанын жасыра алмады. «Бұл біздің көптен күткен, талайдан аңсаған асыл арманымыз еді. Әлі де баспаналы болғаныма сене алмай отырмын. «Үйі жоқтың күйі жоқ» дейді ғой халқымыз, осыған дейін пәтер жалдап келдік, ақшамыздың көп бөлігі соның ақысына кететін. Жас отбасыларға, жастарға осындай мүмкіндік сыйлаған Елбасымызға шексіз алғысымды білдіремін», - дейді Білімбек қуанышы қойнына сыймай. Отағасы құжаттарды қабылдау 2014 жылғы маусым айының 2-10 аралығында жүргізілгенін айтты. Осыдан соң конкурс өткен. Үйден үмітті жас отбасылардың қайсысы тізімге ілінгені тамыз айының соңында мәлім болған. «Тамыз айының соңы болатын. Кешқұрым күйеуімнің танысы қоңырау шалып: «Әкімдіктің сайтына «Жас отбасы» бағдарламасы бойынша үй алғандардың тізімі шығыпты, ішінде сендер барсыңдар», деп сүйіншілегенде біз Қарағандыға барар жолда болатынбыз. Жолдасым өз құлағына өзі сенбей, көлікті жолдың жиегіне тоқтатып қойып тұрып сөйлесті. Сол сәттегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», - дейді екі баланың анасы Айланыш. Білімбек Сексентайұлы - Астанаға арман қуып келген көп жастың бірі. Қарағандының Бұқар жырау ауданынан. Еуразия ұлттық университетін «құрылысшы-жобалаушы» мамандығы бойынша бітірген. Магистр. Қазіргі таңда өз мамандығы бойынша «Жайлы орта-KZ» ЖШС-ында жобалаушы болып жұмыс істеп жүр. Зайыбы да осы оқу ордасын телекоммуникация мамандығы бойынша тәмамдаған. Бүгінде өзі түлеп шыққан білім ордасында ұстаз болып қызмет етіп жүр. «Пәтер кілтін қолыңызға ұстатқан сәтте қандай сезімде болдыңыз?» деген сұрағыма отағасы сәл кідіріп қалды. Сол сәттегі тебіренісі есіне түсіп, сол сезім бойын тағы бір шарпып өтсе керек. Сәлден соң: «Шынымды айтсам, бұған дейін өзімді әне-міне ауылға кететін адам секілді сезініп жүретінмін, Астанадағы тірлігім, істеп жүрген жұмысым уақытша шаруа секілдене беретін. Кілтті қолыма ұстатқан сәтте бұдан былай Астанада қалатынымды, бүкіл болашағымды осы қаламен байланыстыратынымды сезіндім. Енді елімнің ертеңі үшін аянбай еңбек етіп, бүкіл күш-жігерім мен білім-біліктілігімді жұмсайтын боламын», - деп жауап берді ол. Рас, бір баспанаға қол жеткізу бүгінде талай жас отбасының асыл арманы. Әсіресе, еліміздің түкпір-түкпірінен жастар көп жиналатын елордамызда бұл мәселе өте өзекті. Алайда, бұл мүлде қол жетпейтін арман емес. Оған төмендегі деректер дәлел. Тек соңғы жылдары әлеуметтік бағдарламалар бойынша 4,5 мың астаналық баспаналы болған. 2014 жылы елордада жас отбасыларға арналған тұрғын үй бағыты бойынша 672 пәтер бөлінген екен. Бүгінде 211 отбасы үйлеріне көшіп үлгерген, ал біз айтып отырған 72 отбасы Сарыбұлақ өзенінің бойында орын тепкен (С 409 көшесі, 43, 45, 47 үйлер) үйлерге қоныстанады. Астана әкімдігі келтірген деректерге сүйенсек, жас отбасыларға арналған қалған 389 пәтер тұрғын үй комиссиясының алдағы отырысында үлестірілетін болады. Жалпы, «Өңірлерді дамыту - 2020» бағдарламасы аясында тұрғын үймен қамтамасыз етудің бес бағыты қарастырылған, соның ішінде ескі және апатты жағдайдағы үйлерді бұзу пилоттық жобасы да бар. Аталған жоба аясында 3 500 отбасы жаңа үйлерге көшірілмек. Ербол ЖАНАТ