Астанаға атақты Израиль суретшісі Авива Шемер келді
АСТАНА. 28 маусым. ҚазАқпарат - «Құланшы» қазіргі заман өнер орталығында атақты Израиль суретшісі, мүсінші және дизайнер Авива Шемердің жеке көрмесі ашылды.
А. Шемердің айтуынша, оның басты бағыты - арт-терапия, яғни өнер арқылы адамның жан-дүниесін оңалту. А. Шемердің арт-сабақтарына әлемнің түкпір-түкпірінен жандарына шипа іздеген адамдар келіп, қатысады.
«Өнердің бұл ағымы адамның көңіліне сәуле түсіріп, бақытты болуына арналған. Тренингтер барысында мені осыған дағдылаған раввиндердің ғақлия-өсиеттеріне сүйенемін. Мен өзім де классикалық және еврей пәлсапасын терең зерттеген адаммын. Көп білімді Каббаладан сарқыдым», - дейді ол.
Оның айтуынша, қылқалам шеберінің өнерге бет алуына оның туған және нағашы аталары тікелей әсер еткен. «Менің екі атам да жадымда сақталған. Олардың бірі ағаш шебері болды. Онда әрдайым ақшасы болмаса да, мен үшін ол дүниедегі ең бай адам және ең шебер суретші болып есептелетін. Болмысымдағы шығармашылық дарын сол кісіден болса керек. Ал екінші атам қала раввині болған. Рухани байлық осы кісіден дарыған», - дейді суретші.
Авива Шемер арт-терапия және еврей философиясы салаларының шебері дәрежесіне ие. Ол Хайфа қаласындағы Өнер галереясының меңгерушісі, арт-терапия сабақтарын өткізіп, сәулет жобаларына белсенді қатысып тұрады. А. Шемердің туындылары Израильдің және одан тыс елдердің жеке қорларында сақтаулы тұр, «Сөз қуаты» кітабының авторы.