Астанаға әйгілі американдық экономист Джереми Рифкин келеді

АСТАНА. 17 қазан. ҚазАқпарат - 2013 жылдың 19 қазанында Астанаға әйгілі американдық экономист, «Үшінші индустриялық революция» (ҮИР) еңбегінің авторы Джереми Рифкин келеді.
None
None

21 қазан күні Дж. Рифкин мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, бизнестік құрылымдардың басшыларына арналған мастер-класс (семинар) өткізеді. 22 қазанда бірқатар кездесулер өткізіп, Назарбаев университетінде дәріс оқиды. Бұл туралы ҚР қоршаған ортаны қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Доктор Рифкин (1945 жылы туған) - Экономикалық трендтерді зерттеу қорының (Вашингтон) президенті, ғылыми және экономикалық жетістіктердің экономикаға, халықты жұмыспен қамтуға, қоғамдық құрылыс және қоршаған ортаға тигізетін әсері жөніндегі бірнеше кітаптың авторы. Оның қалың оқырманға таныс еңбектері: «Үшінші индустриялық революция» (2011), «Эмпатикалық өркениет» (2010), «Еуропалық арман» (2004), «Сутегілік экономика» (2002), «Биотехнологиялар ғасыры» (1998) және «Жұмыс соңы» (1995).

Дж. Рифкин үкіметтер мен муниципалитеттерге Үшінші индустриялық революция инфрақұрылымын ұйымдастыру жоспарларын әзірлеу бойынша консультациялық қызметтер көрсететін «ТИР Консалтинг Тобы» компаниясының президенті. Ол сондай-ақ құрамына энергетика мен жаңартылатын энергия көздері, сәулетшілік және құрылыс, көлік және логистика, сондай-ақ, ақпараттық технологиялар салаларында қызмет ететін дүние жүзінің ең озық 100 компания басшыларынан құралған ҮИР Жаһандық кеңесінің құрылтайшысы және төрағасы.

Дж. Рифкин Еуропалық Одақтың экономика, климаттың өзгеруі және энергетикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісі. Ол дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы 5 оқу орнының бірі - Пенсильвания университетінің Уортон бизнес мектебінде дәріс береді.

Дж. Рифкин Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуі жөніндегі Тұжырымдаманы әзірлеу барысында кеңесші ретінде тартылып, ЭКСПО-2017 көрме кешенінің эскиз-идеялары бойынша халықаралық сәулетшілік байқаудың техникалық кеңесін басқарады.

Соңғы жаңалықтар