Астанаға есірткі тасымалдайтын тағы бір арнаның жолы кесілді

АСТАНА. Желтоқсанның 14-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Желтоқсанның 6-сы мен 13-і аралығында республика бойынша 1 мың 857 қылмыс тіркеліп, олардың 1 мың 450-нің ізі суымай ашылды.

Астанаға есірткі тасымалдайтын тағы бір арнаның жолы кесілді

Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның  сөзіне қарағанда, аталмыш мерзімде қылмыс жасады деген күдікпен іздеуде жүрген 80 азамат қолға түсіп, 29 атыс қаруы тәркіленген. Сонымен қатар есірткімен байланысты 189 қылмыс тіркеліп, оның 39 фактісі есірткіні саудалауға қатысты болған. Тәртіп сақшылары заңсыз айналымнан 20 килә есірткі алып, оның 1,5 киләсі героин болып отыр. «Қызылорда облысындағы «Шеп-есірткі» бекетінде тәртіп сақшылары «Ауди-А6» маркілі көлігінің жүргізушісінен 113 грамм, оның көлігіндегі жолаушыдан 128 грамм  героин тапқан. Ал Алматыда жарты килограмм гашишпен Қырғызстан азаматы ұсталды. Оның сөзіне қарағанда, аталмыш азамат есірткіні Қазақстанда саудалау үшін өзінің елінен сатып алған», деді департамент бастығы.  

Бұған қоса желтоқсанның 11-і күні елордаға есірткі тасымалдайтын тағы бір арнаның жолы кесілді. Астана-Қарағанды бағытындағы жол бойындағы «Қызылжар» шеп бекетінде «Тойота» көлігіндегі 36 жасар азаматтан 140 грамм героин алынды. Ал Қарағанды облысының Теміртау қаласында 1 килограмм героинді саудаламақ болған жерінен қаланың 25 жасар тұрғыны мен онымен бірге тұрып жатқан 32 жасар азаматша ұсталды. Олардың үйін тінту барысында жатын бөлмедегі төсектегі жастықтан 1 килә 35 грамм героин табылды.