13:09, 06 Мамыр 2017 | GMT +5
Астанаға есірткі жеткізетін ірі арнаның жолы кесілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Есірткі бизнесімен күрес департаментінің қызметкерлері Жамбыл облысынан Астанаға есірткі заттарын жеткізіп келген ірі арнаның көзін жойды. Бұл жайында ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев өзінің Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның мәліметінше, Астана мен Шу қалаларында бір мезетте жүргізілген арнайы операция барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 8 мүшесі ұсталды. Топтың жетекшісі - Жамбыл обысының тумасы.
«Ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшісінің жалдап тұрып жатқан пәтерін тінту барысында салмағы 27 келіден асатын «гашиш» есірткі заты алынды. Қылмыстық топтың тағы бір мүшесінің тұрғылықты жерін тінту барысында 2 центнерден астам «марихуана» мен 11 келі «гашиш», сонымен қатар есірткі дайындауға арналған сығымдау цехы табылды. Күдіктілер уақытша оқшаулағышқа қамалып, қылмыстық іс қозғалды», - деді Алмас Садубаев.